БАЙМЫРЗА ӘУЛИЕ МЕРГЕНҰЛЫНЫҢ КЕСЕНЕСІ
Нысанның атауы: Баймырза әулие Мергенұлының кесенесі
Нысанның орналасқан жері: Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Шұбалаң ауылы.
Қысқаша анықтама: Жангелдин ауданындағы қасиетті орындардың бірі - Баймырза әулие Мергенұлының кесенесі. Бұл тарих ескерткіші Шұбалаң ауылына жақын жердегі биік төбеде орналасқан (Жангелдин ауданыныңҚалам-Қарасу ауылдық округі).
Аңыздар, тарихи мәліметтер: Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте 13 жасынан бастап ерлігімен көзге түсіп,кейін қол бастаған батыр болған. Әкесі Мерген батыр болжаушылық және түрлі жүйке ауруына ұшырған сырқаттарды емдеу қасиеті болуына байланысты халық Баймырза батырды көзі тірі кездің өзінде «Баймырза әулие»деп атап кеткен. Баймырза Мергенұлы іргелес Ресейдегі Е.Пугачевтың көтерлісіне де жан-жақты қолдау көрсетіп отырған. Тарихшы Е.Бекмаханов Баймырза мен Пугачевтің хат жазысып, хабарласып тұрғандарын жазады. Бұл дерек Баймырза әулиенің Ресей үкіметінің отаршылдық саясатына наразы болып, қарсылық көрсеткенін дәлелдейді. Ел арасында «Баймырзаның сабасындай берекелі екен» деген сөз де сақталған. Оның мәнісі: Баймырза асып жатқан бай кісі болмаса да дастарханы жиналмайтын, үйінің белдеуінен ат кетпейтін қонақжай адам болған. Баймырза әулиенің басына орнатылған белгі қазіргі уақытқа дейін жақсы сақталып, халық мінажат ететін қасиетті орынға айналған. Кеңес үкіметі кезеңінде де халық бұл қасиетті орынға келіп, мінажат етуді тоқтатпаған.