ӘБДІКҰЛЫ ТӨЛЕНДІ - (4.09.1942 ж.т., Жангелдин ауданы,. Еңбек а.) – жазушы, қоғам қайраткері. Еңбек жолын 1958 жылы орта мектепті бітірген соң пионер ұйымының жетекшісі болып бастаған. 1965 ж Қазақ мемл.ун-тінің филология ф-тін бітірген. «Райхан» атты алғашқы әңгімесі респ. «Қазақстан пионері» газетінде қызмет атқарып жүрген кезінде жарияланды. 1969 ж. «Жалын» альманахына аға редактор болып қызметке ауысып, бас редактордың орынбасарлығына дейін көтерілді. Бұдан кейін «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор (1977ж), 1979 жылдан Қазақстан компартиясы ОК мәдениет бөлімінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі болып істеді. 1989 ж респ. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1990 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының 2-хатшысы қызметтерін атқарды. 1994 жылдан Қазақстан Республикасы Президентінің мәдениет, әдебиет және өнер мәселелері жөніндегі көмекшісі, 1996 жылдан ҚР Ұлттық кеңесінің саясат жөніндегі хатшысы, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары сияқты жауапты қызметтерде болды. 2003 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің әлеуметтік саясат бөлімінің бас инспекторы болып істейді. Қаламгерлік жолын ерте бастап, сөз өнерінде өзіндік өрнегін тапқан, туған әдебиетіміздің әр жанрында шеберлігімен танылған жазушы. Оны «Көкжиек» (1969ж), «Күзгі жапырақтар» (1971ж), «Ақиқат» (1974ж), «Айтылмаған ақиқат» (1979ж), «Истина» (1981ж) әңгіме-повестер жинақтары мен «Өліара» (1987ж), «Ақшоқыда қыс қатты» (1987ж) романдары қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес болды. Жазушы «Парасат майданы» атты романы үшін Қазақстан Республикасының мемл.сыйлығын алды. (2005ж). Бірқатар шығармалары орыс, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Өз кезегінде ежелгі грек аңыздарын «Эллада ерлері» деген атпен қазақ тіліне тәржімалады (1977ж). «Біз үшеу едік» деген пьесасы еліміздің театрларында 1984 жылдан қойыла бастады. Жазушы Кафка атын. Алтын медальмен, Л.Н.Толстой медалімен (2012ж) марапатталған, халықар. ПЕН клубы сыйлығының иегері (2003ж).
ӘБДІКҰЛЫ ТӨЛЕНДІ