ДҮЙСЕКЕЕВ ТАҢАТҚАН - 1897 жылы бұрынғы Торғай оязы Шұбалаң болысы Жаркөл а.-1964, Амангелді) – балуан, республика чемпионы, шаруашылық қызметкері. Әкесі Дүйсеке анасы Күнсұлу қарулы кісілер болған. «Бала балуан» атанып жүрген Таңатқан 1911 жылы әкесіне еріп Қоянды жәрмеңкесіне барғанда Балуан Шолақты алғаш көріп, бата алған. 1923 жылы ұрпақтары Сатбалды Ишан мазарын тұрғызып, атасына ас бергенде атақты Мейрамхан балуанмен белдесіп, алғашқы ресми сыйлығын алды. 1927 жылы Құлжан би балалары өткізген тойда Оралдан Ақанбай балуан арнайы іздеп келіп белдескен. 1928 – 1929 жылдардағы жаппай тәркілеу кезеңінде ағайындарымен көршілес Амангелді ауданына қоныс аударып, Бүйректал, Мойылдыдан тұз тасып, астыққа айырбастап, әулетінің аман қалуына септігін тигізді. 1944 жылы халық батыры Амангелді Имановтың қайтыс болуына 25 жыл толуына орай Амангелді ауданында өткен жиында атақты Төкен балуанды жығып, бас бәйгені алады. 1946 жылы қазақша күрестен Алматыда өткен жарыста үздік шығып, Республика чемпионы атанады. Бұдан кейінгі жылдары «Батпаққара жолбарысы» атанған Сілман, Әлмағанбет, Сары балуандармен белдесті. 1950 жылы 51 жасында егде кісі қазақша күрестен Қостанайдағы іріктеу жарысында алдына жан салмай Алматыдағы ақтық айқастарда 28 балуанды тізе бүктіріп Қазақстан мен Орта Азия чемпионының алтын тәжін киеді.
ДҮЙСЕКЕЕВ ТАҢАТҚАН