Қазақтың ат әбзелдеріне ер, тоқым, өмілдірік, құйысқан, үзеңгі, айыл, пыстан, жүген, ноқта, көпшік, шылбыр, қамшы және т.б. жатады. Сондай-ақ, аттың айылы ердің қаңқасына тағылатын, көбіне қайыстан жасалған ат арқасына ерді берік бекітетін жабдықтар айыл-тұрман тобын құрайды. Айыл-тұрман жасалу ерекшелігіне қарай қайыстан жасалған өрмелі, берік матадан жасалған ызбалы сияқты түрлерге бөлінеді. Ат әбзелдерінің түрлерінің сан алуандығы ертедегі қазақтардың әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық жағдайымен тікелей байланысты болды. Ауқатты байлар, ел басқарған хандар, сұлтандар мен билер ат әбзелдерінің түрлі асыл тастар мен бағалы металдармен әшекейлеп жасаған қымбат түрлерін қолданды. Ат әбзелдерінің қатарына сан алуан қамшы түрлері де жатқызылады.
Өмілдірік – ер кейін кетпес үшін аттың омырауына шеттік арқылы тағылатын, әсемделген, шекетулеген өте сәнді әбзел.
Құйысқан – ер ат мойнына кетпес үшін ат құйрығы астынан екі жамбас үстімен ер шеттігіне жалғасатын күмістелген әбзел.
Атқа мінген адамды қамшысыз елестету мүмкін емес. Алда-жалда қамшысыз міне қалсаңыз қамшылар жақ қолыңызбен ауық-ауық аттың сауырын сыйпалап қалатыныңыз анық.Әрине, егер үнемі атқа мініп жүрген жан болсаңыз. Сонымен, қамшы- біріншіден аттың жылдамдығын арттыру үшін қажетті құрал болса, екіншіден қару ретінде де пайдаланылған. Басына қорғасын құйылып өрілген бұзаубас қамшылармен дәлдеп ұрғанда қасқырдың тұмсығын қақ бөлуге де болады. Қамшы алты өрім, сегіз өрім, тоғыз өрім болып кете береді. Ата -бабаларымыз қамшының сабын тобылғыдан, өрімін таспалап тілінген қайыстан өрген.
Қордағы Аттың қоңырауы, құйысқаны -1930 жылғы. Музей қорына 04 қаңтар 2009 жылы алынды. ДИММ-КП № 1073.,1074 номерімен тіркелген.
Қамшы -1957 жылғы, ұзындығы 1м., қорға 1987 жылы алынып КП- № 305 номерімен тіркелген. Ғасырдан астам тарихы бар бұл жәдігер қанша уақыт өтседе өзінің сыны мен түрін жоғалтпай сақталуда. Келушілер жәдігердің қанша уақыттан бері сақталғанына таңданып жатады. Бүгінде музейдің құнды жәдігерлерінің қатарында.