Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

8 қаңтар Ыбырай Алтынсариннің Торғай даласына келіп, ең алғаш қазақ балаларына мектеп ашқан күні.
 
Оқыған-тоқығаны мол ғұлама ұстаз Ыбырай Алтынсарин 1860 жылы Торғай жеріне тас-түйін бекініп, үлкен арманмен келген еді. Ол арман — күні ертең бүкіл қазақ халқы үшін үлкен арнаға тоғысатын білімнің алғашқы ошақтарын ашу еді. Әділдік туы орнамаған, байлы мен жарлы әбжыландай арбасқан қараңғы елде мек¬теп ашу оңайға түспеді. Ол үшін арнайы жай, оны тұрғызатын қаржы болмады, оқулық құралы деген атымен жоқ еді. Туған халқының келешегі үшін маңызы зор бұл іске жергілікті орындар салқын қабақпен қарады. Ыбырай Алтынсарин бұл уақытша қиындыққа мойымады. Ауыл-ауылды аралап, елдің арасында үгіт-насихат жұмыстарын белсенді түрде жүргізді. Тұр¬ғылықты халық арасында әріп танып, сауат ашудың, білім жолын қуудың қаншалықты маңызды екенін жергілікті тұрғындарға ерінбей-жалықпай түсіндірді. Ұлы ағарту¬шы¬ның мақсаты ел арасында қолдау табады. Қараңғы қазақ халқының көгінде күн болып ататын ғылым-білімнің күнделікті тыныстап отырған ауадай қажет екенін халық түсінді. Жергілікті халықтан қаражат жинап, Ыбырай Алтынсарин ауылда мектеп құрылысын салуға кірісті. Орыстың халық мектептері үлгісімен қазақ даласындағы тұңғыш мектептің жобасын жасады. Мектеп жайы ауқымды жерді алып жатқан еңселі әрі шатырлы, сынып бөлмелері кең, ұзынша дәлізі бар, балалардың сабақ оқуына қолайлы болды. Білім ошағының іргесі тастан қаланды. Қабырғасы құшақ жетпейтіндей қалың етіліп қышпен өрілді. Мектеп құрылысына дайындық пен оны салу барысында Ыбырай Алтынсарин аудармашылық қызмет атқара жүріп, өз үйінде төрт баланы оқытты. Олардың ішінде Қорғанбек пен Әбдібек Бірімжановтар да болды. Ұлы ағартушыдан тәлім-тәрбие алған Қорғанбек Бірімжанов уезд бастығы Я.П.Яковлевтің көмекшісі қызметінде жүріп, орыс-қазақ мектептері мен училище ашуда көп еңбек етті. Қазақ еліндегі халық ағарту ісінің мәселелері туралы белгілі шығыстанушылар Григорьевпен, Катаринскиймен хат жазысып тұрған. Оның інісі Әбдібек Бірімжанов та Торғай топырағында қазақ мектептерін ашуға күш салады.
Ыбырай Алтынсариннің педагоги¬калық қызметі 1860 жылы басталды десек, ағартушылық өмірінде ірі табысқа қол жеткізуі 1864 жылдың 8 қаңтарында болды. Көптен көксеген арманы орындалып, қазақ мектептерінің қарашаңырағы — тұңғыш білім ошағын ашады. Тап сол кезеңдегі ұлы ағартушы қуанышын айтып жеткізу қиын да болар. Ыбырай Алтынсарин өзінің Н.И.Ильминскийге жазған хатында қуанышын былайша жеткізеді. «8 қаңтарда көптен күткен арманым іске асып, мектеп ашылды. Оған қырғыздың (қазақтың) 14 баласы түсті. Бәрі де жақсы, зерек балалар. Мен балаларды оқытуға қызу кірістім».
Ыбырай Алтынсарин үшін мектеп ашу бір белес болса, сол білім ошағына бала тартып оқытуды жүйелі бастау екінші белес еді. Ол кезде қазақ мектептеріне тән тұрақталмаған оқыту жүйесі, арнайы методикалық бағдарлама болмағаны белгілі. Ыбырай Алтынсарин бойындағы қабілеті мен біліміне, ағартушылық тәжі¬рибесіне сүйеніп, оқытуды ұлттық ерек¬шеліктерге сай жаңаша құра білді. Әртүрлі пәндердің басын қамтымағанмен, балалар-дың сауат ашып, көкірегі оянуы үшін ең қажеттілерін негізге алып, оқыту жос¬парын жасады. Ең бастысы — мектептегі оқу-тәрбие жұмыстары халық ағарту ісінің демократиялық идеялары негізінде құрылды.
Ыбырай Алтынсарин ашқан мектепте Торғай өңірінен жас шамалары 9 бен 13 аралығындағы он төрт бала оқыды. Олар – ағайынды Қорғанбек пен Әбдібек Бірімжановтар, Қоңырқұлжа Бикеев, Нұрғали Әбділпейізов, Нұрмұхамбет Төкин, Биқабыл Тәшенов, Ысмайыл Серкебаев, Ержан Тұлтанов, Баймұхамбет Салқынбаев, Жармұхамбет Жанғожин, Омар Бектемісов, Ибрахим Тәшепов, Қылышбай Сүйіповтер еді.
Алғашқы күннен Ыбырай Алтынсарин арнайы журнал ашып, оқушы балалардың аты-жөнін, олардың қай ауылдан шыққандығын, әкелерінің дәрежесін, соңында оқушылардың сабақты қабылдау ерекшеліктерін өзінше бағалап, жазып отырды. Алғыр тоғыз баланың тұсына «Қабілеттері жақсы» деп белгі соққан. Жарты жылдың ішінде балалар әріп танып, кітап оқи алатын деңгейге жетеді, дұрыс жаза білуді меңгереді. Мыңға жуық сөз жаттап үлгереді. Ыбырай Алтынсарин алғашқы жартыжылдықта үздік шыққан шәкірттері Қорғанбек Бірімжанов пен Жармұхамбет Жанғожинге награда ретінде тарих пен табиғат құбылыстары туралы кітап, мал шаруашылығы туралы альбом, жабайы аңдар өмірінен суреттер және күн, ай мен жұлдыздар туралы жазылған кітаптарды сыйға тартады.
Торғай өңіріне ірі жаңалық болып енген Ыбырай Алтынсариннің мектебі тұрғы¬лықты халықтың назарын өзіне еріксіз аударды. Балаларын жаңаша мектепте оқытуға құмартушылар көбейді. Бір жылдың ішінде Ыбырай Алтынсарин шәкірттерінің саны жиырмаға жетті. Қазақ мектептерінде оқытуды жүйелі жүргізуге көмегін тигізетін арнайы еңбек жазуды Ыбырай Алтынсарин көптен армандап жүрді. Қазақ мектептеріне арнап қазақ әрпін орыс емлесімен жазып шығарған Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ граммати-касы» ұлттық тілімізде жарияланған құнды еңбек болды. Ыбырай Алтынсарин бұдан кейін де 1879 — 1882 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінен төрт мектеп ашты. Сол жылдардан бастап Ыбырай Алтынсарин мектебі қазақ даласында талантты жастардың қанатын қатайтқан білім бұлағына айналды.