17 сәуір 2020 ж. Торғай мұражайлар кешенінің қорындағы құнды жәдігерлер топтамасынан.
Келі мен келсап – тары, бидай, т.б. дәнді дақылдарды түйетін, ұнтақтайтын қатты ағаштан жасалған құрал. Келінің биіктігі 50 – 60 см жуан бөрене ағаштың ортасын 30 – 35 см тереңдікте ойып жасайды.
Ағаш келінің екі түрі болады: тақта келі, шұңғыл келі. Шұңғыл келі тарыны қаралау, ақтауға пайдаланылса, тақта келі жармалап, ұнтақтауға қолданылады. Тақта келінің түбі тегістеу келеді де, келсап дәл тиіп, дәнді майдалауға, ұнтақтауға қолайлы болады. Сондай-ақ, тары, бидай, жүгері талқандауға пайдаланады. Келінің түйгіш ағашы болады, оны келсап деп атайды. Келсаптың келіні түйгіштейтін басы салмақты етіп жасалып, қолға ұстайтын жерінен қолайлы қос тұтқа шығарылады. Келсап ұзындығы 1,2 – 1,3 метр жуан ағаш. Халық тұрмысында келінің жер келі (келі орнына уақытша пайдаланылатын шұңқыр), тас келі (келісін тастан, келсабын ағаштан жасаған келі), ағаш келі (жуан ағаштан ойылып жасалады) сияқты түрлері кездеседі. Қазақ ұсталары келіні тұтас ағаш кесіндісінен ішін үңгіп жасайды.Келі мен келсап жасау үшін, көбінесе, ағаштың қатты түрлерін – қарағашты, қайыңды қолданады. Келіні шеберлер мықты, әрі жарылмай көп жылға шыдауы үшін, қызған тандыр ішінде ыстық қозға қақтап алып, оның іші-сыртына қойдың құйрық майын, не түйе қомының майын сіңіреді. Келі жарылып кетпес үшін, әдетте, оның иіні мен тағанын түйенің иленбеген шикі терісімен қаптайды. Шикі тері кепкен кезде тартылады да, келіні қатты қысып қалады. Келінің сыртын қайыспен ысып жалтыратып қояды.
Келі-келсап - Музей қорына 1984 жылы алынды. ДИММ-КП № 296 номерімен тіркелген. Тапсырушы ауыл тұрғыны. Өзіндік тарихы бар бұл жәдігер қанша уақыт өтседе өзінің сыны мен түрін жоғалтпай сақталуда. Келушілер жәдігердің қанша уақыттан бері сақталғанына таңданып жатады. Бүгінде музейдің құнды жәдігерлерінің қатарында
Уақыт озған сайын бабадан қалған бұйымдардың бағасы арта түспек. Көне мұраны сақтап жаңа буынға насихаттап отырған мұражайдағы келі-келсаптың тарихы осылай.