Бүгін 13 қазан, ұстаз, ақын, өлкетанушы, қоғам қызметкері Назарбек Бектемісовтың туған күні.
БЕКТЕМІСОВ НАЗАРБЕК - (13.10.1928, Жангелдин ауд. Көкалат а. – 1992, Арқалық қ.) – ұстаз, ақын, өлкетанушы, қоғам қызметкері, КСРО баспасөз үздігі. Қарағанды мемл.пед.институтын бітірген. Еңбек жолын 1947 ж. Жангелдин ауд.мектептерінде ұстаздықтан бастап, он жыл бойы шәкірттерге дәріс берді. 1957-82 ж. аралығында ауд.газетте бөлім меңгерушісі, Қостанай обл. «Коммунизм жолы» газетінің меншікті тілшісі, Қазақстан компартиясы Жангелдин ауд. к-нің нұсқаушысы, «Ақшығанақ»,«Еңбек», «ХХІ партсъезд», «Шилі» кеңшарлар партия ұйымдарының хатшысы, ауд.газет редакторы қызметтерін атқарған. «Қығалдақ» жастар ән-би ансамблін ұйымдастырды, ауд., обл. ақындар айтысына қатысып, жүлде алды. Қоғамдық қызмет атқара жүріп, осы өлкеде бұрын өмір сүрген Сейдахмет, Әбіқай, Есенжол, Жұмабай, Сәт ақындардың мұраларын зерделей зерттеп, шығармаларын күнделікті баспасөзде жариялады. Алғашқы өлеңдер жинағы 1979 ж. баспадан жарық көрді. Келесі 1980 ж. баспадан шыққан «Торғай толқындары» кітабына туған өлке тарихының айтулы оқиғаларын арқау еткен. «Аталар ұшқан алтын ұя» зерттеу еңбегінде де ежелден құнарлы Торғай топырағынан шыққан айтулы азаматтардың өмір жолдары арқылы ел тарихына шолу жасайды. Қоғамдық қызмет бабымен өлке аймағын көп аралаған қаламгер жер, су атауларына үңіле назар аударып, олардың тарихын ыждағатты зерттеген. Оның «Сәтбайдың қара жолы», «Хан», «Жалау», «Тоты құстың аралы», «Атан басы Ақирек», «Су аяғы құрдым» сияқты ономастик.жазбалары нақты тарихи таңымдық деректерімен құнды. Б. «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ақын дүние салғаннан кейін «Назғұмыр», «Ахмет ұшқан алтын ұя» жыр кітаптары жарық көрді. 2004 ж. «Найзағай ақын, Нараға» деген естеліктер жинағы баспадан шықты.
View the embedded image gallery online at:
https://muzei-torgai.kz/novosti-kz/1349-b-gin-13-azan-staz-a-yn-lketanushy-o-am-yzmetkeri-nazarbek-bektemisovty-tu-an-k-ni.html#sigFreeIdd7a5530e1f
https://muzei-torgai.kz/novosti-kz/1349-b-gin-13-azan-staz-a-yn-lketanushy-o-am-yzmetkeri-nazarbek-bektemisovty-tu-an-k-ni.html#sigFreeIdd7a5530e1f