17 қараша жазушы, журналист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері Қоғабай Сәрсекеевтің өмірден озған күні.
СӘРСЕКЕЕВ ҚОҒАБАЙ - (1.04.1939 ж.т., Торғай- 17.11.2014 ж.ө, Алматы) – жазушы- журналист, ақын, драматург, баспагер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықар. ақпараттау, Халықар. Еуразия академияларының академигі. 1963 ж. Қазақ мемл. ун-тінің журналистика ф-тін бітірген соң қаламгерлік еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінде бастап, «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Кітап жаршысы – Друг читателя» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор болып істеді. «Жалын» баспасының бас редакторы болып, «Қазақкітап» бірлестігінің бас директоры, «САҚ» акционерлік қоғамының президенті қызметтерін атқарды. 2004 жылдан өзі шығара бастаған «Қазақ» газетінің бас редакторы. Қаламгердің алғашқы әңгімелері 1950 жылдардың орта тұсынан респ. күнделікті баспасөзде жариялана бастады. 1970 жылдары «Кілт», «Қараша қаздар» деп аталатын әңгіме- повестері жарық көрді. Жазушы халық батыры Амангелді Иманов тұлғасы мен ол өмір сүрген ортаны ұзақ жылдар бойы зерттеп, «Қызыл жалау» - «Заманақыр» деп аталатын трилогиясын 1990 ж. баспадан шығарды. Бұл шығармасы «Смута» деген атпен орыс тілінде жарияланды. Қаламгердің «1938» жыл деген әңгімесі 1998 ж. қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқырман қолына тиді. «Жол үстіндегі әңгіме», «Құс қанаты», «Встречи и расставания», «Ұлт ұстазы немесе Алаштың Ахметі», «Міржақып Дулатов», «Америка жазбалары», т.б. кітаптары баспадан шыққан. 1999 ж. «Портретер» деген әңгіме – эсселері мен шығармаларының екі томдық жинағы оқырман қолына тиді. 2005 жылдан бері «Үш Арыс» роман- эссесін, төрт кітаптан тұратын «Төрт таған» атты шығармасын, «Қазақия» танымдық еңбегін, «Дешті қыпшақ» роман – хроникасын, «Жасасын Алаш, жасасын!» өлеңдер жинағын ұсынды. С. прозалық туындыларымен қатар, драма жанрында да бірқатар дүниелер жазып, олар обл., ауд. театрлар сахнасында қойылды. Жазушы Қостанай мемл. ун-тінің Құрметті проф., Халқар. «Алаш» сыйлығын, А.Байтұрсынов атын., Б.Майлин атын. әдеби сыйлықтарды, Францияның «SPI» мен Халықар. Ақпараттау академиясының алтын медальдарын алған. 2006 ж. АҚШ-тың әлемдік библиография ин-тының сараптамасы бойынша «Жыл адамы» деп танылды. 2011 ж. ҚР Журналистер академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығына ие болды. 2012 ж. «Парасат» орденімен марапатталды.