Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

1914 жылы 14 мамыр күні Омбы қаласында Міржақып Дулатұлы мен Ғайнижамал Баймұратқызының үйленген күні.

1914 жылы 14 мамыр күні Омбы қаласында Міржақып Дулатұлы мен Ғайнижамал Баймұратқызының үйленген күні.

Міржақып Дулатұлының жұбайы – Ғайнижамал Досымбекова (1895-1940)

Ғайнижамалдың ата-анасы Баймұрат пен Қанипа. Әкесі Баймұрат Досымбек дәрігер болған. Олар Омбыда, Любинский даңғылында (қазіргі Ленин даңғылы), астық базарының жанындағы ағаш үйде тұрған.

Досымбековтер отбасында Сара (1892-1972), Ғайнижамал (1895-1940), Гүлшахра (1900-1933) есімді үш қыз дүниеге келген. Әкесі қайтыс болғаннан кейін, олардың ағасы Оматай Ғайнижамалдың анасы мен әпкелеріне қамқорлық жасаған. Сара мен Ғайнижамал үйде мұғаліммен бірге оқып, ал ең кішісі 1917 жылы Гимназияны бітірген.

29 жастағы Міржақып Дулатұлымен Ғанижамал 19 жасында танысады. Үйленгенге дейін Міржақып болашақ қалыңдыққа: «Гая, біз қосылмас бұрын көптеген мәселелерді шешуіміз керек» – дейді.

«Жақаңмен қосылу тойымыз Омбыда 1914 жылдың 14 мамырында өтіпті. Үйлену тойымыз Омбыға таяу «Коломзино» стансасындағы мейрамханада болды. Тойға қатысқандар: шешем — Қанипа, үлкен әжеміз, ақ батасын берген Әйеміз еді (ол кісіні бәріміз «Әйе» дейтінбіз). Омар ағам (Оматай) мен Батиха жеңгем, оның туыстары Досмұхамбет Кемеңгеровтерден: Қошмұхамбет (Қошке) — Батиханың немере інісі, өзінің сіңлісі — Рахима (Ботанай) — менің айырылмас досым, Зейнеп (оны «Япон» дейтінбіз) менің бөлем шешемнің Мүслима деген сіңлісінен туған. Японның күйеуі Қартқожа Тоғанбаев, Гуля, жездем Ерқосай Мұқышев, апам Ғалия мен Омбы мешітінің имамы Ғалым Әбдірахимовтың ұлы Сұлтан, қарындасы, менің құрбым — Халима және Айдархан Тұрлыбаев. Семинария оқушылары — Мағжан, Сәкен, Сәдуақас Шорманов әйелдерімен, Асфендияр Шорманов, ауыл шаруашылығы мектебінде оқитын — Бірмұхамбет (Біркей) Айбасов, жас жігіт Мұхтар Саматов, Қуанышев деген купецтің қыздары — Әмина мен Жәмила, Сафа Шонаев, ағайынды Асылбек, Мұсылманбек (Мүси), Мұратбек Сейітовтер, Омбының атақты дәрігері Нечаев, Оспан Төлепов (Японның ағасы), бәрін атап айтар болсам, кiсiлер толып жатыр. Тойымыздан кейін Омбыда кідірмей, Орынборға жүріп кеттік», – дейді Ғайнижамал Досымбекова естелігінде.

Міржақып Дулатұлының бірінші қызы – Гүлнар (1915), одан кейін Абылай (1917), Халида (1920), Наурызбай (1924), Әлібек (1925) туды. Ақынның балаларының кейбір суреттері сақталса да, олардың өмірі ұзақ болған жоқ. Гүлнардан басқа барлық балалар нәресте кезінде қайтыс болған. 1928 жылы әкесі тұтқындалған кезде Гүлнар небәрі 12 жаста еді, ол әкесінің барлық мұрасын бір қорапқа жинап, оларды құпия ұстаған.

Міржақып Дулатұлы түрмеде отырып, Горькийдің әйелі Е.Пешковаға Ғайнижамалмен кездесуге рұқсат алуға көмектесуін сұрап хат жазған. Екі айдан кейін ол кездесуге рұқсат алған. 1934 жылы Гайнижамал үлкен қиындықтармен Сосновец аралына ұлы Әлібекпен бірге келген. Міржақып өзінің қиын жағдайға тап болғанын сезіп, Ғайнижамалға елге оралуға кеңес берген. 1935 жыл олардың ұлы Әлібек аурудан қайтыс болғанда, Архангельскіде сүргіннен жаңа оралған Ахмет Байтұрсынов Ғайнижамалға келіп, көңіл айтып, Міржақыпқа Әлібектің өлімі туралы жазбауын өтінген.

1935 жылы қараша айында М.Дулатұлының дүниеден өткендігі туралы НКВД-ның қағазын алады. Отыз жыл қуғынға түскен М.Дулатұлы сол кезде небәрі елу жаста еді. Ғайнижамал осы қайғыдан кейін ұзақ өмір сүрмей 1940 жылы қайтыс болған.