Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

" Өзекті өртер шындық "

31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейінде " Өзекті өртер шындық " тақырыбында қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Жангелдин ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Бірмағанбетов Қарсақбай Бірмағанбетұлы, Жангелдин ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Қошеметова Жадыра Қуанышбекқызы, аудандағы Оспанқожа мешітінің бас имамы Айдос Әбдісалықов, Жастар ресурстық орталығының жастары қатысты. "Өлі риза болмай тірі байымас" демекші, дөңгелек үстел сұхбаты барысында аруақтарға құран бағышталды. Қаншама зобалаң жылдарды бастан кешкен қазағымның әрқайсысының айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдары – бәрі-бәрі бүгінгі ұрпақтың құлағында, жүрегінде, мәңгі есінде. Саяси қуғын сүргін құрбандары болған Торғайлық тұлғаларымыздың ұрпақтары: Ғабит Сүндетбаев, Мырзағалиев Талғат, Дүйсенова Сәуле, Молдағалиева Базаркүл апаларымыз келіп, қуғын-сүргінге ұшыраған аталары туралы әңгімелерін баяндап, жазықсыз қуғынға ұшырағанының мән-жайын ашып, шер тарқатты. Сұхбат барысында сол заманның қиын кезеңдерін үлкендерден естіп өскен ұрпақтары баяндай отырып, болашақтың баянды болғанын тіледі. «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР-ның 1993 жылы 14 сәуірдегі заңына сәйкес қуғын-сүргіндерге ұшырағандар жаппай ақталды, қазақ қайраткерлерінің есімдері халқына қайтарылды. Сонда да халқымыздың басынан өткен қасіретін халық жадынан ешкім өшіре алмас. Бұл біздің Отанымыздың тарихындағы өзекті мәселе, әрдайым өткен тарихымызды ұмытпай, біздің болашағымыз үшін күрескен ата-баба рухына тағзым етіп отырайық.