5 мамыр 2020 жыл
Жеңіске 75 жыл. Тарих сыр шертеді .
«Торғайлықтар соғыс майданында» - « Отты жылдар шежіресі » циклы
ИМЕКЕНОВ ҚАЖЫҒАЛИ (КӘЖЕН)
1904 жылы Торғай поселкесінде туған. Жастайы жетім қалып, ауылдағы ағайын-туыстардың қолында өсті. Сауатын ескіше оқу арқылы, кейін бастауыш мектептің көлемінде ашты. Ақтөбедегі сов.парт. мектебінің екі жылдық курсын бітірген. Аманкелді, Торғай аудандардың мекемелерінде қызмет істеді, Жангелдин аудандық сот мекемесінде қатардағы қызметкерден басшы дәрежесіне дейін өсті. Үйленді, балалы болды. 1943 жылы 9 шілдеде Торғай АӘҚ-нің шақыруымен әскерге алынды. Арнайы әскери дайындықтан кейін Ленинград майданына жіберілді. Онда 18-ші Қызылжұлдызды Гатчинский дивизиясының 532-ші минометті полкіна қарасты 3-ші батареясында бекіністің алғы шебінде жаумен айқасты. 1944 жылдың 1 қаңтарында батыр қаланың қоршауын бұзудағы жойқын соғысқа қатысты, сол кезден басталған жеңістің жорық жолдары оны Берлинге дейін әкелді. Осы кезең аралығында І және ІІ Белорус майдандары қатарында болып, Псков, Ржев, Нарва, Кингиссеп, Тарту, Пярну, Таллин қалаларын жау қолынан босатуда, Фин шығанағында, Балтық теңізі жағалауында, Померания, Польша, Германия жерлерінде болған ұрыстарда, Нарев, Висла, Одер өзендерін ұрыс сала отырып өтуде аянбай ерлік көрсеткен. Бірнеше рет жарақаттанды, госпитальдарда емделіп, қайыра майданының алғы шебінен көрінді. Соғыс жылдары «Ленинградты қорғағаны үшін», екі рет «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдармен марапатталды. 1945 жылы қыркүйек айының басында елге, өз отбасына жеңіспен оралды. Көп кешікпей Торғай аудандық тұтынушылар одағына орналасады, басқарма төрағасының сауда жөніндегі орынбасары қызметін атқарды, кейін сол қоғамның қойма меңгерушісі болады. Бір мекемеде 20 жыл істеп, 1964 жылы құрметті демалысқа шығады. Зайыбы Бикәмешпен өмірге жеті бала әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Балаларынан 27 немере, 56 шөбере өрбіген. Көп жылға созылған науқастан 1989 жылы 26 шілдеде дүниеден өтті.