Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

Бүгін 14 қыркүйек Ұстаз-ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сейітқасымов Ғабдығапар Сағитұлының туған күні
СЕЙІТҚАСЫМОВ ҒАБДЫҒАПАР САҒИТҰЛЫ - (14.09.1940 ж.т., жангелдин ауд Қызылқоға а.) – ұстаз- ғалым, экономика ғылымының докторы (1989), профессор (1990), ҚР ҰҒА-ның академигі (2003). 1963 ж. Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітіріп, бухгалтерлік-есеп мамандығы алған. Еңбек жолын туған өлкеде бастап, «Шилі», «Речной» кеңшарларында бас экономист қызметтерін атқарды. 1969-70 ж. Қазақ ауыл шаруашылық экономика ғылыми- зерттеу институтының Целинный бөлімшесінде аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеп, зерттеу жұмыстарымен айналысты. 1970 ж. осы оқу орнының Алматы қаласындағы аспирантурасына түсіп, оны бітірген соң 1974 ж. «Астық өнімін дайындауды ұйымдастыру және оны жоспарлауды жетілдіру» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қызмет атқарған 1973-93 ж. С. ғалым-экономист және ғылымның дарынды ұйымдастырушы ретінде қалыптасты. Ұстаз-ғалым мұнда аға оқытушылықтан университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры дәрежесіне дейін көтерілді. 1993 ж. қызметін Алматыға ауыстырып, 1999 жылға дейін Қазақ мемлекеттік басқару академиясының қаржы және несие кешенінің оқу-ғылым жөніндегі проректоры әрі директоры болып істеді. 1999-2001 ж. Астана қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ бөлімшесінің директоры, 2001-07 ж. осы университеттің Экономика және қаржы институтының директоры болды. 2007 жылдан Астана қаласындағы Қазақ экономика, қаржы және халықар. Сауда университетінің ректоры қызметін атқарып келеді. Ғалым 1989 ж. Латвияда докторлық диссертация қорғады. С-тың ғылыми жұмыстары ауыл шаруашылық экономикасы мен қаржы және банк ісі саласына арналған. Ол астық дайындаудың экономика тиімділігін анықтаудың жаңа жүйесін жасау, астық өсіру, оны жинау, тасымалдау және сақтау жолдарының экономикалық тиімділігін кешенді зерттеудің ғылыми әдістемесін жасап берді. 1990 ж. ҚР а.ш. ҒА-ның корр.- мүшесі, 1998 ж. толық мүшесі болып сайланды. 2002 ж. Қазақстан ҒА-ның корр.- мүшесі, 2004 ж. толық мүшесі болды. 2008 жылдан Рим қ-ндағы Халықар. экон. және әлеуметтік ҒА-ның академигі. С-ның тікелей жетекшілігімен баспадан шыққан «Ақша, несие, банктер» (1996, 1998, 2001, 2006), «Банк ісі» (1999, 2007, 2009), «Бухгалтерлік есеп, банктердегі есеп» (1999) күрделі еңбектері жоғары және арнаулы оқу орындарында негізгі оқулық ретінде пайдаланылады. Ғалымның жалпы көлемі 350 баспа табақ көлемінде 200-ден астам ғыл. еңбегі жарық көрген, олардың 34-і жеке кітап пен кітапшалар. С-тың жетекшілігімен 3 ғылым докторы, 25 ғылым кандидаты диссертация қорғады. Ғалым Еуропа жаратылыстану ҒА-ның «Алтын бүркіт» орденімен (2007), А.Байтұрсынов (2003), Ы.Алтынсарин медальдарымен, «Қазақстан ғылымын дамытудағы ерен еңбегі үшін» төс белгісімен (2009) марапатталған.