Дүниеден озды...
Ақын, журналист, филология ғылымдарының кандидаты Нағашыбай Мұқатов ағамыз дүниеден озды. Туған туыстары, отбасы, ағайындарына қайғыра көңіл айтамыз!
МҰҚАТОВ НАҒАШЫБАЙ – 15.03.1949 жылы Торғайда туған. Ақын, журналист, филология ғылымының кандидаты, кеңес одағы теледидары мен радиосының үздігі, Қазақстанның мәдениет қайраткері. 1967 жылы осы аудандағы «Аралбай» ауылындағы Жангелдин атындағы орта мектепті бітірген. Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінде қызмет атқарған. Аудандық, облыстық айтыстарға бірнеше мәрте қатынасып, жеңімпаз атанған. Нағашыбай Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық мемлекеттік университеті журналистика факультетінің түлегі. 1968-1970 жылдар аралығында Марри Автономиялық Республикасының астанасы Иошкар – Ола қаласында азаматтық борышын өтеген. Теледидар және радио саласында қырық жылға жуық қызмет істеген. СССР радиосы мен теледидарының үздігі.Нағашыбай Мұқатов жұртшылыққа ақын ретінде кеңінен танымал. Ол Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақстан комсомолы Орталық комитеті ұйымдастырған, 1972 жылы Шымкент қаласында өткен, тұңғыш жастар поэзиясы фестивалына қатынасушылардың бірі. Республикалық қазақ радиосы ұйымдастырған «Қазақстаным - қара шаңырағым» атты жыр мүшайрасының бас жүлдегері. 2009 жылы Қырғыздың белгілі ақын қызы Бақтыкүл Чотурованың аударуымен жеке кітабы қырғыз тілінде Бішкек қаласынан басылып шықты.Ақын лирикалық өлеңдермен қатар, қоғамдағы жат әрекеттерді бейнелейтін сатиралық туындылар да жазады. Оның интермедияларын Алматы қаласындағы әйгілі «Тамаша» ойын – сауық отауының тарландары Тұңғышбай Жаманқұлов, Құдайберген Сұлтанбаевтар және Арқалық, Қостанай, Жезқазған театрының әртістері орындаған.Жыр мен әуен егіз. Алматылық сазгер Хасен Қожахметов, астаналық сазгер Ғалымжан Құрманов, Рудныйлық сазгер Қайрат Нұрғазин, Қостанайлық сазгерлер Ғалибек Деріпсалдин, Бақытжан Сәуекенов, Амангелді Досжановтардың ақын сөзіне жазған әндері көптеген концерттік бағдарламалар арқылы сахна, эфир экраннан орындалып жүр. Ақын белгілі қаламгер, әдебиетші, қоғам қайраткері, ұлттық әдебиетке оқиғалы өлеңдерді енгізуге ерекше үлес қосқан Қайнекей Жармағамбетовтың шығармаларын тереңнен зерттеп, кандидаттық диссертация қорғаған. Ғылыми зерттеудің нәтижесінде «Қазыналы Қайнекей» (монография) деп аталатын кітабы Алматы қаласынан басылып шығып, оқырман қолына тиді. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Нағашыбай Мұқатов Астана қаласының он жылдық мерейтойына арналған мерекелік медалмен марапатталған. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Қостанай облысы меценаттар клубы сыйлығының екі мәрте иегері.Қазір жазушы Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайының директоры болып қызмет істейді. Біраз жылдан бері А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінде дәріс береді. Облыстық ономастика комиссиясының, сондай-ақ І.Омаров атындағы қазақ драма театры жанындағы көркемдік кеңестің белді мүшесі.Қостанай өңіріндегі тіл, дін, әдебиет, мәдениет, рухани байлық бағытында жүргізілетін қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде қатынасады.
Дүниеден озды... Ақын, журналист, филология ғылымдарының кандидаты Нағашыбай Мұқатов