15 қазан, мемлекет және қоғам қайраткері, Алашорданың Торғай кеңесінің мүшесі Тоқтабаев Кәрім Досжанұлының туған күні.
ТОҚТАБАЕВ КӘРІМ (ҒАБДҰЛКӘРІМ) ДОСЖАНҰЛЫ – (1892-1936 жж) бұрынғы Торғай оязы Шұбалаң болысында дүниеге келді. Мемлекет және қоғам қайраткері, Алашорданың Торғай кеңесінің мүшесі. Торғайдағы орыс-қазақ мектебінде білім алып, Қостанай қалалық училищесін, 1909 ж Орынбордағы мұғалімдер әзірлейтін жоғары мектепті бітірген. Алдымен Тосын болыстық мектебінде, 1912 жылдан бастап Торғайдағы орыс-қазақ мектебінде физика мен математикадан дәріс берді және оның меңгерушісі болды. 1916 жылғы көтеріліске қатысқаны үшін 2-3 ай түрмеде отырды. Ресейдегі ақпан төңкерісінен кейін Алаш қозғалысына белсене араласып, оның Торғай кеңесінің мүшесі болды. Алаш үкіметі мен Алаш партиясы таратылғанан кейін кеңестік мекемелердің жұмысына араласты. Т. 1919-21 жылдары Семей губ. халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, 1921-22 жылдары Көкшетау оязының азық-түлік комиссары қызметтерін атқарды. Қазақ ОАК-нің саяси науқаны-Қызыл керуеннің жұмысына ат салысты. 1922-24 ж Қазақ АКСР Халық ағарту комиссарының орынбасары, Саяси ағарту істері бас басқармасының бастығы, 1925-27 жылдары Семей губерниясы кеңестері атқару комитетінің төрағасы, 1927-31 жылдары Қазақ АКСР Халық ағарту, егіншілік комиссары болып істеді. 1931-33 жылдары КСРО БРОАК жанындағы Қазақстан өкілі болды, Алматы облысындағы «Дегерес» қосалқы шаруашылығын басқарды.
15 қазан, мемлекет және қоғам қайраткері, Алашорданың Торғай кеңесінің мүшесі Тоқтабаев Кәрім Досжанұлының туған күні.