Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

15 қараша - Ұлттық валютамыз - Теңге күні құтты болсын!

Бүгін Қазақстан Республикасы қаржы органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! 

Бүгін Ұлттық валюта күні. Еліміздің төл валютасы туралы жарлық 1993 жылы 12 қарашада шықты. Үш күннен соң, 15 қарашада айналымға енді. Таңғы 08:00-ден бастап кеңестік рубльді теңгеге айырбастау басталды.

Теңгенің алғашқы дизайны қалам, калька, тушь арқылы салынды. Ұлттық валютамыздың дизайнерлері: Меңдібай Әлин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов, Хайрулла Ғабжалылов. Қазақстан тарихын, мәдениетін зерттеген шеберлер алдымен валютамызға атау іздеген. Әуелде «ақша», «алтын», «сом» сияқты атаулар ұсынылған. Алайда «Теңге» атауына тоқталған. Бұл атауды ұсынған - Халықаралық инженерлер академиясының академигі, ғалым, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов.

Теңгеге алғаш қол қойған жерлесіміз Ұлттық банктің төрағасы болған, экономист Ғалым Байназаров еді. 

Алғашқы теңге Лондонда, Harrison & Sons фабрикасында шығарылды. Өйткені елімізде ақша басатын фабрика болған жоқ. Алғашқы ақшаларды Лондоннан Қазақстанға жеткізу үшін 18 әуе сапары жасалды, ал 8 күннің ішінде қазақстандық банктарға бөліп берілді. Ал алғашқы қазақстандық монеталар Германияда жезден және никель күмістен жасалды. 

2006 жылы теңгенің жаңа нышаны таңдалды - ₸ (коды - U + 20B8). Авторлары - Вадим Давиденко және Санжар Амерханов.

Ақша басып шығаратын өз фабрикамыз 1995 жылы ашылды. 2011, 2012 және 2013 жылдары теңге банкнотасы әлемдегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды.