Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

Бүгін 29 қараша, ҚР Журналистер одағының мүшесі, редактор Ысмағұл Мылтықбай Әбдіқадырұлының туған күні

ЫСМАҒҰЛ МЫЛТЫҚБАЙ ӘБДІҚАДЫРҰЛЫ – 29.11.1956 ж. Қостанай облысы, Жангелдин ауданының Ақшығанақ ауылдық округінің Түйемойнақ ауылында дүниеге келген. 1973 ж. Ы.Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебін бітірді. 1974 ж. аудандық “Жаңа өмір”(“Новая жизнь”) газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасып, 1976 ж. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл –Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті) журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1981 ж. қызыл дипломмен бітіріп шықты. Кәсіби жас маман өзінің сүйікті басылымы “Жаңа өмір”(“Новая жизнь”) газетіне тілші болып қызметке кірісті. 1988 ж. Жангелді райком партиясының Ішкі- саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1989 ж. аудандық “Жаңа өмір” газетінің хат және қоғамдық пікір бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. 1990 ж. газет редакциясының жауапты хатшысы болып қызмет істейді. Мылтықбай Әбдіқадырұлы өзі еңбек еткен басылымның мазмұнды әрі сапалы жарық көруіне, халық жүрегінен жол тауып, көптеп таралуына маңыз беріп отырды. Ол үнемі ауданның бүгінгі нарық жағдайындағы тыныс – тіршілігіне назар аударумен қатар, әлеуметтік – мәдени мәселелердің оңтайлы шешілуіне елеулі үлес қосқан жанашыр, әр түрлі жанрларда қалам тартып, республикалық басылымдарға көлемді очерк, эссе, суреттеме, мақалалар жолдап, шалғайдағы аудан халқын жұртшылыққа танылуына зор еңбек еткен. Оның мақалалары Республикалық “Егемен Қазақстан”, “Халық кеңесі”, “Жас алаш”, “Қазақ әдебиеті”, “Ана тілі” газеттерімен “Жалын” журналдарында жарық көріп тұрды. Аудандық жастар ұйымының бюро мүшесі болып көп жылдар мәдени – көпшілік шараларды өткізуге еңбек сіңірді. Аудандағы мәдени кештер, мерекелік шаралар, жерлес ақын – жазушылардың әдеби кештерінің тартымды өткізілуіне жетекшілік етті. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының аудандық бөлімшесінің үн парағы, төл газеті “Аманат” басылымының мазмұнды әрі сапалы шығуына қоғамдық негіздегі редакторы ретінде үлкен бағыт – бағдар берген. Сондай – ақ, Мылтықбай Әбдіқадырұлының төл туындысы өзінің жетекшілігімен жергілікті “Дидар” телеарнасы арқылы ұйымдастырылған сұхбаттар, хабарлар топтамасы аудан жұртшылығы тарапынан жылы қабылданып, жоғары бағаланып, үлкен ілтипатқа ие болды. 1994 ж. “Торғай тынысы” газеті редакторының орынбасары қызметін атқарды. 1998 жылы “Торғай тынысы” (қазіргі “Біздің Торғай”) газетінің директоры – Бас редакторы болып тағайындалды, осы жылы Ішкі – саясат және әлеуметтік сала бөлімі меңгерушісінің қызметі қоса жүктелді. 2005 жылдан облыстық “Қостанай таңы” газетінің Жангелдин ауданындағы меншікті тілшісі қызметін қоса атқарды. Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі.