Сайлау Байзақов (12.12.1937 ж Жангелдин ауд. Қызбел а.туған-10.07.2023) – ғалым-экономист, экономика ғылымдарының докторы (1974ж), проф. (1981ж), Халықаралық ақпараттау академиясының академигі (1992ж), Халықаралық менеджмент академиясының академигі (1996ж). Халық шаруашылығы университетінің механика- математика факультетін (1961ж), Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау-экономика факультетін (1965ж) бітірген. Еңбек жолын Қазақ университетінің есептеуіш математика кафедрасында ассистент болып бастап, есептеуіш орталығының аға инженер-экономисі, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1964-1988 ж аралығында Қазақ КСР Жоспарлау комитеті жанындағы экономикалық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі, директордың ғылым жөніндегі орынбасары болып істеді. 1968 ж. аймақтар экономикасы жөнінде кандидаттық, 1974 ж. Мәскеуде «Совершенствование размещения производства и переработки сельскохозяйсвенных продуктов на основе методов многоступенчатой оптимизации» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. 1981 жылдан Қазақстан экономистер одағының төрағасы, Халықаралық экономистер одағының төрағасы (1981-1993ж) болып сайланды. 1991-1997 ж. Қазақстан ұлттық экономикасының үкіметтік бағдарламалары мен жобаларын әзірлеуге атсалысты. 1986-1993 ж. Басқару ғылыми- зерттеу институтының директоры болды. Бұдан кейінгі жылдары Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясының бас сарапшысы (1994-1995ж), ҚР үкіметінің жанындағы мемлекеттік қызметкерлер біліктілігін жетілдіру институтының директоры (1996-1999ж), жергілікті кеңесшілер жетекшісі (1999-2002ж) қызметтерін атқарды. 2001-2004 ж. Климатты өзгерту жөніндегі үйлестіру орталығының макроэкономика тобын басқарды. Ғылыми еңбектері негізінен экономиканы үйлестіруді жүйелі модельдеу мәселелеріне, қоғамдық өндірістің тиімділігі теориясын зерттеуге бағытталған. Байзақовтың жетекшілігімен 50 зерттеуші кандидаттық, 10 адам докторлық диссертация қорғады. Бірнеше мәрте «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанды. Ғалым «Құрмет» орденімен (2007ж) марапатталған.
Бүгін экономика ғылымның докторы , профессор, академик САЙЛАУ БАЙЗАҚОВТЫҢ туған күні