Бүгін 9 қаңтар, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жангелдин ауданының құрметті азаматы Қайсар Әлімнің туған күні. Туған күніңізбен құттықтаймыз! Ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз.
Қайсар Әлім 1947 жылы 9 қаңтарда, Қостанай облысы Жангелдин ауданының Саға ауылында (қазіргі "Қызбел" шаруалығы, Сарықопа өңірі) туды. Мамандығы- журналист. Қазақстан Жазушылар одағының, Халықаралық жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ол белсенді ауыл тілшісі ретінде таныла бастаған 1969 жылы Қостанай облыстық "Коммунизм таңы" ("Қостанай таңы") газетіне жұмысқа шақырылады. Бастапқыда әдеби қызметкер, аға әдеби қызметкер, мәселені жедел қамтитын тілші болды. Кейін газеттің өнеркәсіп, құрылыс және көлік бөлімінің, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті.
1990 жылғы тамыздан бастап 1997 жылғы сәуірге дейін республикалық "Егемен Қазақстан " ("Социалистік Қазақстан ") газетінің Торғай облысындағы меншікті тілшісі болып істеді.Облыс жабылған соң Ақмола қаласына келіп, облыстық "Арқа ажары" газетінде тілші, 1998-2000 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде бас маман болды. Ол 2000-2014 жылдары "Егемен Қазақстан " республикалық газеті ашық акционерлік қоғамында қызмет істеді.Қайсар Әлім "Жазушы", "Қазақстан", "Жалын", "Ана тілі ", "Қайнар", "Фолиант" т.б. республикалық баспалардан шыққан 27 кітаптың авторы. Бұдан басқа 2007 жылы оның 8 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Сондай-ақ оның әдеби жазбасымен әр түрлі мамандық иелерінің атынан бес кітап республика баспаларынан жарық көрді. Көптеген көркем очерктері мен әңгімелері, эсселері мен көсемсөздері отызға жуық ұжымдық жинаққа енгізілген.
Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың мәйітін 57 жылдан соң Карелиядан әкеліп, туған жері - Торғайға қайта жерлеу экспедициялық сапарының (1992 ж.) басы- қасында болған Қайсардың қаламынан "Мұңды сапар" атты тағылымы мол хикаят туды. Бұған дейін ол М. Дулатов ақталысымен- ақ, халқының тәуелсіздігі үшін күрескен осынау асыл азамат туралы танымдық маңызы зор бірнеше зерттеу мақалалар, деректі әңгімелер, эсселер жариялаған еді.
Марапаттары «Бүкілодақтық социалистік жарыс жүлдегері» белгісі, Қазақстан Журналистер одағының, республикалық «Жас Алаш» («Лениншіл жас») газетінің, «Ақиқат» («Қазақстан коммунисі») журналының Құрмет грамоталары,1998 жылы Қазақстан журналистер одағы М. Дулатов атындағы сыйлығының иегері атанды.Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы құрметіне Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Алғыс хатымен» (2001 ж.),2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
«Торғай қаласының құрметті азаматы» (2004),Астана әкімі «Алтын қалам» конкурсының жеңімпазы (2008), Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері (2009),Қазақстанның құрметті журналисі (2009), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі (2011),Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты (2012), Жанкелдин ауданының Құрметті азаматы (2013), Қазақстан Журналистика академиясы «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері (2013),«Бейбітшілік әлемі» Алтын медалінің иегері (2013),Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық «Құрмет Белгісі» орденінің иегері (2013),«Әзілхан Нұршайықов» медалінің иегері (2014),«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2014),Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі (2015), «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Ұлт мақтанышы – Гордость нации» медалінің иегері (2015),Қазақстан Журналистика академиясының академигі (2016),ХалықаралыАқпараттандыру академиясының академигі (2016). Отбасында 5 баланың әкесі.