БІРІМЖАНОВ ҒАЗЫМБЕК - (1896, бұрыңғы Торғай оязы, Тосын болысы -19.03.1938, Мәскеу) – Орынбордағы реалды училищені, Орта Азия мемлекеттік университетінің дәрігерлік факультетін бітірген. Алашорда үкіметі атынан Сібір әскерлерінің қолбасшысы А.В.Колчакпен келіссөз жүргізуге қатысып, Алашорданың Башқұрт үкіметі жанындағы уәкілі болған. Б. қалам шебері ретінде де бірқатар игі жұмыстар атқарды.
1921-22 ж. «Ақ жол» газетінің редакторы болды. Мақалаларын «Шеген» (белгілі би болған бабасының есімі) деген бүркеншік атпен жариялаған. 1922 ж. Түркістан КАСР-ы ОАҚ-нің төрағасы Т.Рысқұловтың қолдауымен бір топ Түркістан жастарымен бірге Германияға оқуға жіберіліп, 1928 ж. Берлин университетінің ауыл шаруашылығы факультетін бітірген. Дегенмен игі үмітпен елге келе жатқан жас маман жолшыбай Мәскеу қаласында тұтқындалып, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновпен бірге Карелиядағы Медвежегорск қаласына 10 жылға жер аударылып, Ақ теңіз- Балтық каналының ауыр жұмысына жегізді. 1937 ж. ісі қайта қаралып, ату жазасына кесілді.