1 сәуір жазушы, ақын, драматург, баспагер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қоғабай Сәрсекеевтің туған күні.
СӘРСЕКЕЕВ ҚОҒАБАЙ - 1.04.1939 ж Қостанай облысы Жангелдин ауданы Торғай ауылында дүниеге келген. Жазушы- журналист, ақын, драматург, баспагер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық. ақпараттау, Халықаралық Еуразия академияларының академигі. 1963 ж. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң қаламгерлік еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінде бастап, «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Кітап жаршысы – Друг читателя» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор болып істеді. «Жалын» баспасының бас редакторы болып, «Қазақкітап» бірлестігінің бас директоры, «САҚ» акционерлік қоғамының президенті, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі қызметтерін атқарды. 2004 жылдан өзі шығара бастаған «Қазақ» газетінің бас редакторы. Қаламгердің алғашқы әңгімелері 1950 жылдардың орта тұсынан респ. күнделікті баспасөзде жариялана бастады. 1970 жылдары «Кілт», «Қараша қаздар» деп аталатын әңгіме- повестері жарық көрді. Жазушы халық батыры Амангелді Иманов тұлғасы мен ол өмір сүрген ортаны ұзақ жылдар бойы зерттеп, «Қызыл жалау» - «Заманақыр» деп аталатын трилогиясын 1990 ж. баспадан шығарды. Бұл шығармасы «Смута» деген атпен орыс тілінде жарияланды. Қаламгердің «1938» жыл деген әңгімесі 1998 ж. қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқырман қолына тиді. «Жол үстіндегі әңгіме», «Құс қанаты», «Встречи и расставания», «Ұлт ұстазы немесе Алаштың Ахметі», «Міржақып Дулатов», «Америка жазбалары», т.б. кітаптары баспадан шыққан. 1999 ж. «Портретер» деген әңгіме – эсселері мен шығармаларының екі томдық жинағы оқырман қолына тиді. 2005 жылдан бері «Үш Арыс» роман- эссесін, төрт кітаптан тұратын «Төрт таған» атты шығармасын, «Қазақия» танымдық еңбегін, «Дешті қыпшақ» роман – хроникасын, «Жасасын Алаш, жасасын!» өлеңдер жинағын ұсынды. Қоғабай Сәрсекеевтің прозалық туындыларымен қатар, драма жанрында да бірқатар дүниелер жазып, олар облыстық, аудандық театрлар сахнасында қойылды. Жазушы Қостанай мемлекеттік. университетінің Құрметті профессоры, Халықаралық «Алаш» сыйлығын, А.Байтұрсынов атындағы, Б.Майлин атындағы әдеби сыйлықтарды, Францияның «SPI» мен Халықаралық Ақпараттау академиясының алтын медальдарын алған. 2006 ж. АҚШ-тың әлемдік библиография институтының сараптамасы бойынша «Жыл адамы» деп танылды. 2011 ж. ҚР Журналистер академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығына ие болды. 2012 ж. «Парасат» орденімен марапатталды. Өмірінің соңына дейін "Қазақ" газетін қайта шығарып, оның кең таралуына, мазмұнды болуына барын салды. 2014 жылы 17 қарашада Алматыда қайтыс болды.
https://muzei-torgai.kz/novosti-kz/1901-o-abaj-s-rsekeevti-tu-an-k-ni.html#sigFreeId8ade7d1ae1