Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

Бүгін 21 мамыр, Қазақстанның халық ақыны, белгілі айтыскер Қонысбай Әбілдің туған күні.

Әбіл Қонысбай (21.05.1954 ж.т., Жангелдин ауд. - 3.12.2022 жж) - журналист, сықақшы, айтыскер - ақын, Қазақстанның халық ақыны (1999). 1977 ж. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болды. 1980 - 85 ж. республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Торғай, Целиноград облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. 1985 ж. облыстық «Торғай таңы» газеті редакторының орынбасары, 1990 ж «Арқалық таңы» газетінің редакторы, 1991 - 95 ж. Торғай облысы телерадио комитетінің төрағасы болып істеді. 1999 ж Қазақстан айтыс ақындары мен жыршылар одағының төрағасы болып сайланды. 1998 - 2007 ж. аралығында Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Бұдан кейінгі жылдары Астана қаласы әкімдігінде тіл саясаты бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Алғашқы өлеңдері мектеп қабырғасында жүргенде республикалық газет - журналдарда жарияланған. Қазақстанның халық ақындары К.Шәкеев, Ә.Қалыбекова, Ә.Беркенова, Қ.Бердіғалиев, Ерік Асқаров, Серік Құсанбаев, т.б. суырып салма саңлақтармен сөз сайысына түскен. 1990 ж Балқы Базардың 150 жылдық мерейтойы құрметіне Ташкент қаласында өткізілген Орта Азия және Қазақстан ақындарының халықаралық айтысында бас бәйгеге ие болды, ақындардың осы жылғы республикалық ІІІ айтысында жеңімпаз атанды. Сондай - ақ С.Торайғыровтың, Б.Майлиннің 100 жылдық тойларында оза шауып жүлде алды. Торғай өңірінде айтыс өнерінің жандануына сүбелі үлес қосты. Арқалық қаласының құрметті азаматы. «Парасат» орденімен марапатталған.