Құрметті отандастар!
Биыл біз тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты құжаты – Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуын айрықша мақтанышпен атап өтудеміз.
Ата Заң – тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекеттігіміздің берік негізі, халқымыздың бірлігін айқындайтын басты құндылық.
Осыдан отыз жыл бұрын қабылданған Конституция ел дамуының стратегиялық бағытын белгілеп, демократиялық қағидаларды орнықтырды. Онда әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтары айқын көрсетіліп, мемлекет пен қоғамның үйлесімді дамуына жол ашылды.
Тәуелсіздік тарихында Конституциямыз талай сындарлы кезеңде елді біріктіріп, береке-бірлігімізді бекемдеді. Бүгінгі күнде де ол – Жаңа Қазақстанды құрудағы сенімді бағдарымыз.
Бұл мерейлі мереке – барша қазақстандықтардың ортақ қуанышы. Конституция күнін атап өту – Отанымызға, тәуелсіздігімізге деген құрметтің белгісі.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ата Заңымыздың айбыны асқақтап, мемлекетіміздің мерейі әрдайым үстем болғай!
Конституцияның 30 жылдық мерекесі құтты болсын!













