Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

Қыркүйектің 5-і – Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні

Қыркүйектің 5-і – Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

«Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының көзқарасы бүгінгі күні де өте маңызды. Қазақтың ұлы ғұламасы араб жазуына өзгерістер енгізіп, қазақ әліпбиін құрастырды.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ мәдениетінің тарихында үлкен бір дәуірді алып жатқан алып тұлға. Халқымыздың біртуар перзенті, "Алашорда" үкіметінің негізін қалаушы, көрнекті мемлекет қайраткері, лингвист, түркітанушы, әдебиеттанушы ғалым, ақын, аудармашы, "Қазақ" газетінің (1913- 1918) ұйымдастырушысы әрі бас редакторы. Ахмет Байтұрсынұлы-қазақ әліпбиінің реформаторы, таза қазақ емлесімен шыққан «Қазақ» газетінің (1919-1918 ж.) тұрақты редакторы, этнограф, фольклорист, композитор әрі орындаушы...

Ахмет Байтұрсынұлы-қазақ ән-күй өнеріне де терең ой жіберген ғалым. А.В.Затаевичтің айтуынша, ол шебер домбырашы, әнші болған. Халық әндерін, күйлерін жинаған және олардың шығу тарихын да білген. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін, оның сауатты да білікті ел қатарына қосылуы үшін ақтық демі біткенше күрескен осынау ұлы адамның аты ұлт жүрегінде мәңгі сақталуы тегін емес. Ендеше ол адамзаттың асыл перзенті, қазақтың ұлы тұлғасы. Сондықтан да оны қазақтың ұлттық мәдениетінің Хантәңірі деп бағалау керек. Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы келер ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қала бермек.

Ұлт ұстазының туған күні құтты болсын Алаш жұрты!

Бүгін Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейі келушілерге есігі айқара ашық!

Келіңіздер! Ұлт ұстазын ұлықтайық!