Қазақ халқында «Қарты бар үйдің - қазынасы бар» деген аталы сөз бар. Бұл бекер айтылмаған. Қария - ұрпақтың тірегі, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін ақылшысы. Қай заманда болмасын, дана халқымыз қарияны төрге отырғызып, ақ батасын алған.
Қарттар - біздің өміріміздің, тарихымыздың куәгері. Олар - елдің еңсесін көтеруге, бейбіт өмір орнатуға, ұрпақ тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан асыл жандар. Әрбір әже мен атаның айтқан өнегесі - өмір мектебі, олардың жүріп өткен жолы - тағылым.
Қарттар күні - қазыналы қарттарымыздың қадірін ұлықтап, оларға алғыс айтуға арналған мерейлі күн. Бұл күнде ғана емес, әрқашан қарттарымызға көңіл бөліп, жан жылуын сыйлау - ізгілік пен адамгершіліктің белгісі.
Халықаралық қарттар күні құтты болсын! Ақыл дария қарияларымыз аман болсын!













