Алаш қызы Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың туғанына 110 жыл толды. Ұлт болашағы үшін жанқиярлықпен күрескен Алаш арыстарының соңғы тұяқтарының бірі Гүлнар апа мағыналы да жарқын өмір сүрді.
Гүлнар Дулатова, әкесі Міржақып және басқа да Алаш зиялылары туралы құжаттарды көзінің қарашығындай жинақтап, жария шығарған алғашқы адам. Ол 1988 жылы белсенді әдеби-қоғамдық қызметке кірісті. Гүлнар Дулатова, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерін ақтап шығудың бастамашысы болды. Ол алғаш рет, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты қайраткерлерге қатысты материалдарды, Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын ақтап шығару комитетіне жолдады. Міржақып Дулатовтың мұрасы, көбінесе Гүлнардың күш-жігерінің арқасында ұмытылған жоқ. Үш тілді - қазақ, орыс және араб тілдерін жетік меңгергендігінің арқасында, ол әкесінің бес томдық шығармалар жинағын және өзі өмір сүрген уақыт туралы естеліктерінен тұратын үш кітапты дайындап, басып шығарды.
Әкесі армандаған тәуелсіздік таңын көру бақыты, Гүлнар апайға бұйырған еді.













