8 маусым 2020 жыл
Қазақтың сырт киімдері - ертеде ата-бабаларымыз, әжелеріміз алуан түрлі киім түрлерін тіккен.
Олар: тон, ілік тон, күпі, ішік, шекпен, шапан, камзол, кеудеше, аба, тайжақы, кәжекей, белдемше, қырмызы тон, кіреуке, қамқа тон.
«Музейге сый» тарту акциясы аясында музей қорына Торғай ауылының тұрғыны Маканов Берік Сарбасұлы ата -әжесінің тұтынған сырт киімдері Түлкі ішік және түйе шекпенді сыйға тарту етті .
Ішік – іш жағына аңның, малдың терісі салынып, сыртқы жағы бағалы матамен тысталған жылы сырт киім. Ішік түрлері: түлкі ішік, қасқыр ішік, күзен ішік, құндыз ішік, бұлғын ішік, жанат ішік, қоян ішік, пұшпақ ішік, зерлі ішік.
Шекпен — жүннен тоқылатын сырт киім. Шекпен тек қана түйе жүнінен тоқылады. Күзеп алынған түйе жүнін шаң-тозаңынан арылтып, одан соң қолмен майдалан түтеді де, шүйке жасайды. Шүйкеленген жүнді ұршықпен иіреді. Шекпен тоқитын жіп өте жіңішке болады. Иірілген жіпті екі ағаштың арасынан ыспалап өткізіп, оның буылтықтарын кетіріп қайта өңдейді. Шекпен де терме бау тоқитын өрмекпен тоқылады. Тоқылып болған кездемені кәдімгі матадан киім пішкендей етіп өлшеп, шекпен пішеді. Шекпенді жазда киеді. Оған қара барқыттан не болмаса басқа тыстық матадан қаптал жаға (дөңгелек жалпақ жаға) салып, етек жеңін сондай матамен көмкеріп әдіптейді.
Шекпеннің ең әдемі түрін «Шидем шекпен» дейді. Шидем шекпен тайлақтың жүнінен тоқыл ады. Тайақтың жүні әрі майда, әрі жеңіл болатындықтан, одан тоқырай шекпен де әдемі болып шығады. Шекпен су өткізбейді. Сондықтан ол әрі сулық, әрі жайшылықта кие беруге жарамды бес аспап киім. Су тиген сайын шекпен ширығын қалындай түседі. Шекпепнің тағы бір артықшылығы ол таза түйе жүнінен тоқылатындықтан аса мықты болады, ұзақ киіледі.