23 маусым 2020 жыл
Жеңіске 75 жыл. Тарих сыр шертеді.
«Торғайлықтар соғыс майданында» - « Отты жылдар шежіресі » циклы
Айтмағанбетов Жақсыбай 1912 жылы қазіргі Жангелдин ауданының Сарысу ауылында дүниеге келген. Торғайдағы Иванов мектебінің 7 сыныбын бітірген. Ауылдық кеңесте хатшы, бастауыш мектепте мұғалімдік қызметтер атқарған. 1942 жылдың 18 маусымында армия қатарына шақырылып, Сталинград майданының 195 атқыштар полкінде атқыш болып ұрыстарға қатысқан. 1943 жылдың аяғында қолынан жараланып, елге оралды. 1944 жылдың басынан 1946 жылдың мамыр айына дейін Торғай аудандық партия комитетінде нұсқаушы қызметінде болды. 1946 жылдың басынан 1954 жылдың мамырына дейін «Қызыл жұлдыз» ұжымшарын басқарды. Кейін ірілендірген «Октябрь» ұшымшарда төрағалық қызметінде болды. 1960 жылдан «Албарбөгет» кеңшарының ең ірі бөлімшесін басқарып келді. 1964 жылдың қыркүйек айынан зейнеткерлікке шыққанға дейін кеңшардың құрылыс материалдары қоймасының меңгерушілігін атқарды. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін», Ұлы Отан соғысына қатынасушы ретінде жеңістің мерекелік медаль, ордендармен марапатталды. Бейбіт өмірдегі еңбегі 1958 жылы «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен атап өтілді. Жұбайы Күпан екеуі 2 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірген. Жақаң 1993 жылы абыройлы қарт, қоғамшыл азамат қалпында туған ауылында дүниеден өтті.