17 қыркүйек 2020 жыл
Қазақтың салт- дәстүрлері – циклы
«Ас қайыру», «Алық» дәстүрлері
Қазақ халқы – салт – дәстүрге өте бай ел. Бұл – оның мәдениетті әрі тәрбиелі ел екендігінің айғағы. Белгілі қоғам қайраткеоі, заңгер Н.Шайкенов: «Ұлт дәстүрі – заңнан биік», - деген. Демек, салт- дәстүрлі ел- мықты әрі тұғыры берік ел. Біздің халқымыз өз ұрпақтарына ғасырдан ғасырға ұлт қасиетін салт- дәстүрмен, өнегені әдет- ғұрыппен, үлгіні жөн- жосықпен, әдепті ырым, тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген. Ұлттық тәлім, салт-сана сабағы адамгершілік тәрбиесінің аса сенімді әрі ғажайып жол екенін көрсетті. Отаншылық, ерлік, мәрттік, жомарттық, қайырымдылық, жоғары адамгершілік қасиеттер осы жол арқылы дарыған. Батыр жазушы Б.Момышұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында: «Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен солдаттың басында жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде халықтардың басынан өткен жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүрлердің маңызы зор екеніне көзім жетті», - деп жазды. Олай болса әдеп-ғұрып- қазақ халқының мызғымас заңы деп қабылдаған жөн.
Дана халықтың өзі жасаған осы әдеп-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйрену және өмірде қолдану – ағайынды адастырмас сара жол. Мұны отбасында ата-ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға үйретіп, айтып отырса, ұтарымыз көп болар еді.
АС ҚАЙЫРУ
Асты «Бісміллә!» деп бастайтын қазақ тамақтанып болған соң, оны батамен қайыратын әдетінен әлі күнге дейін жаңылған жоқ. Мұны ас қайыру деп атаймыз. Ас қайыру тілек, батамен айтылады. Оны қара сөзбен де, өлеңмен де, тақпақтап та жеткізуге болады.
АЛЫҚ
Ерте кезден- ақ елдер арасында қақтығыс, жауласу, соғыс болып тұрған. Мұндай шайқастарда, әрине, бірі жеңеді, бірі жеңіледі. Осыдан кейін екі ел бір тоқтамға, бітімге келеді. Бұл жәй бітісу, келісу емес, жеңген жақтың өктемдігі, жеңілген жақтың қол қусырып, тізе бүгуі, ұрыс зардабы, одан келген шығын, шеккен жапа. Осылардың бәрі ескеріліп, есептеледі. Міне, осыдан кейін екі елдің сөз ұстар адамдары шешімге келеді. Осында алық мәселесі қаралады. Алық- шығын мөлшерінің жеңілген жақтан алынатын құны. Алық мал, мүлікпен есептеледі. Жеңілген жақ мұны төлеуге міндетті.
Халықта алым деген де бар. Дәстүр бойынша ол- қыз ұзатарда құдалардан алынатын кәде. Демек, алық пен алым екі түрлі мағынада қолданылады С.Кенжеахметов «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» кітабынан