Нұрмағамбетов Әбілбек – 29.12.1925 жылы Жангелдин ауданы Жартоғай ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын үздік бітірген (1960). Мектепте оқып жүрген кезінде «Кеңес өкіметіне қарсы өлең жазды» деген жаламен жер аударылды. Еңбек жолын туған ауылында әртүрлі жұмыстардан бастап, Торғай ауданының біріккен әскери комиссариатының есеп столының бастығы (1942-44), Қостанай облысының бірқатар мекемелерінде бухгалтер қызметтерін атқарды.
1960 жылдан Алматы облысындағы Қаскелең мектеп-интернатында ұстаздық етіп, 1964 жылдан өмірінің ақырына дейін Қазақ КСР ҒА-ның Тіл білімі институтында диалектология бөлімінің кіші, аға ғылыми қызметкері болып істеді. «Қазақ тілі говорларының батыс тобы» деген тақырыпта докторлық Диссертация қорғаған. Ғылыми еңбектері негізінен Қарақалпақстанда, Түрікменстанда тұратын қазақтардың тіліндегі говорлардың Қазақстандағы сөйлеу тілімен тарихи байланысын зерттеуге арналған. Нұрмағамбетов «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігін» құрастырушылардың бірі болды.