Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті

Киіз үй негізгі 3 бөліктен құралады:

1. Үйдің сүйектері (ағаштан тұратын бөліктері).

2. Киіздері (ши де осыған кіреді).

3. Бау шулары (баулары мен басқұр, арқандары).

Киіз үйдің қазақ өмірі мен әлеуметтік жағдайына үйлесімді сондай , оны үлкейтіп, кішірейтіп, тіпті бір-біріне қосып, екі-үш бөлмелі етіп тігуге де болады. Туырлықтан жазда ыстық, қыста суық, жауында су өтпейді. Кейде қыстан киіз үймен шығатын қазақтар туырлықты екі қабат етіп жабады. Үй іргесін шөппен бітеп, айналасын қамыспен шалылап, қоралайды. Көбінесе қопалы, қамысты жерде паналайтындықтан, жел де көп болмайды. Міне , осындай үйде ел даңқын асырып, намысты қолдан бермеген данышпандарымыз бен батырларымыз туып, өскендігін мақтанышпен айтуға болады. Әрісі Керей, Әз Жәнібек, Тәуке хан, Абылай, Кенесары, ұлы Абай , ғұламалар Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтпаев , Мұхтар Әуезовтердің кіндігі осы киіз үй ішінде кесілген. Әрқашан қоныс аударғанда таза жерге тігілген үйдің саф ауасы аспан, жер , сумен астасып, қасиетті қара шаңырақтың киесі, мүмкін, осындай ұлылардың көкірегіне нұрлы сәулесін құйған болар.

Қазақ өмірі мен мәдениетінің, әлеуметтік жайының бір түйіні киіз үй мен төрт түлікке байланысып жатады. Сәлемі, киімі , ыдысы , салт-дәстүрі де осыған келіп саяды. Сондықтан да олар бұған лайық қанатты сөздер, ырымдар, әдеттер,тыйымдар, аңыздар да шығарған. Киіз үй берік ағаштан(қайыңнан, талдан) жасалады. Оларға құрт түспейді, басқа ағаштар сияқты тез шірімейді. Талдың керегеге қажетті жуан, жіңішкесін таңдап алуға да болады.

Үйдің сүйегін үйшілер жасайды, оны «үй басу» дейді. Қажетті ағаштар 6 ай, кейде бір жылдай көлеңкеде кептіріледі. Мезгілі жеткен кезде үйшілер бұл ағаштарды қажетінше жонып , морға, қозға (ыстық қоламтаға) салып балқытып , тезге салып түзетіп алады. Олар үй сүйегіне лайықталған ағаштарды жонып, түзетіп шауып, қырнап болғаннан кейін , оны тағы да морға салып, кереге ге, уыққа, күлдіреуішке лайықтап ырғаққа (қалыпқа) салып , белгілі бір үлгі , жобаға келтіреді де, оны құрастыра бастайды.

Кереге киіз үйдің негізін құрайды. «Керегең кең болсын» деген тілек осыдан шыққан. Өйткені үйдің берік болуы, кеңдігі осы керегеге байланысты. Кереге құрайтын ағаштарды желі, оның ұзынын ерісі, қысқаларын сағанақ , балашық деп атайды. Желілердің басы мен аяғына әдемілік үшін ойып, сызықтар (ыру)жүргізеді. Желілерді тесіп, түйенің мойын терісі немесеөгіздің бас терісінің сірісі (қайыстары) арқылы көктейді. Керегенің басы мен аяқ жағы сәл шалқайтыла , ал ортасы дөңестеу жасалады. Дайын керегені қанат деп атайды, яғни 18 қанат үйде 18 кереге болады. Кереге көзінің үлкен кішісіне қарап торкөз, жел көз деп бөледі. Торкөзді кереге әдемі әрі берік болады.

Сейіт Кенжеахметұлы