Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0

 

q

Мемлекет қайраткері

Мемлекет қайраткері, далалық өлкенің төтенше әскери комиссары, саяхатшы ЖАНГЕЛДИН ӘЛІБИ ТОҒЖАНҰЛЫ 1884 жылы 2 маусымда бұрынғы Торғай оязы, Қайдауыл болысы Жыланшық өзенінің бойында дүниеге келген. Торғайдағы кәсіптік училищеде, Қостанайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесінде оқыған. 1903 жылы Орынбордағы діни училищені бітіріп, Қазандағы мұғалімдер семинариясында екі жыл оқыған соң, 1905 жылғы революцияға қатысты деген айыппен оқудан шығарылады. Сол жылы Мәскеудегі діни академияға оқуға түсіп, 1906 жылы «сенімсіз студент» деп танылып, академиядан қуылған. 1909 — 1912 жылы шет ел халықтарының тұрмыс-салтымен танысуды (кейбір деректерде діни уағыздарды насихаттауды) мақсат еткен. Жангелдин Еуропа, Африка, Таяу Шығыс, Азия елдерін жаяу аралап, 1913 жылы Жапония арқылы туған жерге оралады. Ел аралап, киноаппаратпен шет ел халықтарының өмірі мен тұрмысына байланысты фильмдер көрсетіп, жергілікті халықтың саяси сауатын көтеруге ықпал етті. 1915 жылы Ресей коммунистік партиясының қатарына өтіп, Қырымда астыртын рев.қызмет атқарды. Жангелдин Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығына қарсы Торғай қазақтарының көтерілісін қолдап, Торғай қаласын қоршауға қатысты. 1917 жылғы Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін 7 наурызда Петроград жұмысшы және солдат депутаттары кеңесіне “Торғай облысында ескі үкіметтің жазалау отрядтары осы уақытқа дейін өзінің зорлық-зомбылығын және қырып-жою сияқты сұрқия әрекеттерін әлі де жүргізіп отырғанын” баяндап, бұл жүгенсіздікті тиюды талап етті. РКФСР Халық комиссарлар кеңесінің шешімімен Торғай облысының төтенше соғыс комиссары болып тағайындалды. 1918 жылы 21 наурыз - 3 сәуірде Орынборда өткен Торғай облысы кеңестерінің 1-съезінде облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Жангелдиннің ұсынысымен Торғай облысы атқару комитеті ұлт істері жөніндегі комиссариат құрылды және ұлттар халық комиссариаты жанынан тұңғыш ұлттық бөлім ұйымдастырылды. РКФСР Халық комиссарлар кеңесі Қазақстанда ақ гвардияшыларға түпкілікті соққы беріп, Кеңес өкіметін қалпына келтіру мақсатымен қару-жарақ, азық-түлік, әскери көмек беру туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Жангелдин далалық өлкенің төтенше комиссары болып тағайындалды да, өлкеде алғашқы өлттық әскери отрядтар құрып, ақ гвардияшыларға қарсы күресті. Ресейдің орталық аудандарында арнаулы қарулы отрядтар жасақтап, бірнеше қалада Кеңес өкіметін қалпына келтірді. 1918 жылы тамыз қазан айларында Ақтөбе майданының әскерлеріне қару-жарақ, дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізген арнаулы отрядты басқарды (қ. Жангелдин экспедициясы). 1920 жылы қазанда өткен Қазақ АКСР Кеңестерінің құрылтай съезінде алғаш құрылған үкімет мүшесі болып сайланды. Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті президиумы төрағасының орынбасары және Қазақстан Қамсыздандыру халық комиссары болды. Съезден кейін Қазақ Орталық атқару комитеті Жангелдинді Шығыс халықтарының насихат және іс-қимыл кеңесіндегі қазақ халқының өкілі етіп тағайындады. 1922 жылы 20 мамырда Орынбордан шығып, 9 тамызға дейін Жаманқала, Торғай, Атбасар, Ақмола, Павлодар, Семей бағытында үш мың шақырымдай жол жүріп өткен Жангелдин басқарған қызыл керуен Азамат соғысынан зардап шеккен халық ш-н қалпына келтіру, ауылдарда мәдени ошақтар ашу, мектеп, аурухана жұмыстарын жандандыру ісінде бірқатар шаралар атқарды. Жангелдин 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында халықты күреске жұмылдыру, соғыс жүріп жатқан аймақтардан көшіріліп әкелінген кәсіпорындарды орналастырып, іске қосу, соғыс аяқталған соң зардап шеккен аймақтарға материалдық көмек көрсету, мал-мүлік жеткізу жұмыстарына белсене араласты. Жангелдин 1920 жылдан РКП(б) Қырғыз (қазақ) облыс комитетінің және Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің мүшесі, 1938 жылдан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Қостанай облысының бір ауданы, елді мекендер мен мектептерге Жангелдин есімі берілді.