Домбыра – қазақ халқының өте ерте және кең тараған, нағыз табиғи ұлттық музыкалық аспабы. Домбыра- қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра»-деп Жұбан Молдағалиев ақын айтқандай, домбыра десе «қазақ халқының» тарихы көрінгендей болады.
Төрт мың жылдай тарихы бар домбыраның қоңыр үні кім-кімді де тамсандырмай қоймайды. Бүгінде ол өзінің ерекшелігімен Гиннес рекордтар кітабына еніп, ЮНЕСКО-ның сертификатын алып үлгерді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 12 маусымдағы Жарлығымен «1 шілде - Ұлттық домбыра күні» деп белгіленіп, қазақ халқының жан серігі, рухани азығы болып келген киелі домбыра күні биыл үшінші жыл елімізде кеңінен тойланып келеді. Ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол екені белгілі. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда да бұл күннің алар орны ерекше.